top of page

Жапония мен Қазақстан Сыртқы істер министрлерінің кездесуі 

  • Oct 1, 2024
  • 1 min read

24 желтоқсанда сағат 17:20-дан бастап шамамен 25 минут бойы Жапонияның Сыртқы істер министрі Хаяси Есимаса «Орталық Азия + Жапония» диалогының 9-шы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысу үшін Жапонияға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырзамен кездесу өткізді.


Кездесудің негізгі мазмұны төмендегідей:


Кездесудің басында Министр Хаяси Қазақстанның «заң үстемдігіне» негізделген еркін де ашық халықаралық тәртіпті сақтау және нығайту жолындағы стратегиялық серіктес екенін атап өтіп, түрлі салалардағы өзара іс-қимылды күшейтуге ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ, ол өткен күні, яғни 23 желтоқсанда Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) мен Қазақстанның халықаралық даму агенттігі (KazAID) арасында ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылғанын құптап, болашақтағы бірлескен жұмысқа үлкен үміт артатынын жеткізді.


Министр Хаяси энергия ресурстарын тұрақты жеткізудегі Қазақстанның рөлі мен «Каспий бағыты» сияқты логистикалық дәліздердің маңыздылығына тоқталып, декарбонизацияға (көміртегінен арылу) бағытталған ынтымақтастықта Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқысы келетінін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеуберді Қазақстанның дәстүрлі қазба байлықтары мен сирек кездесетін металдарды экспорттаумен қатар, декарбонизация саласына да белсенді түрде үлес қосып жатқанын тілге тиек етіп, Жапониямен бұл бағыттағы серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.


Екі елдің Сыртқы істер министрлері Украина мен Шығыс Азияны қоса алғандағы халықаралық ахуалды және халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, алдағы уақытта да түрлі салаларда тығыз серіктестікті жалғастыруға уағдаласты. Сонымен қатар, соғыс уақытында атом бомбасының зардабын шеккен әлемдегі жалғыз ел – Жапония мен ядролық полигондағы сынақтардың зардабын бастан өткерген Қазақстан «ядролық қарусыз әлемді» қалыптастыру жолында бірлесе әрекет етуді жалғастыратыны жөнінде ортақ мәмілеге келді.

 
 
カザフスタン

​Қазақстан-Жапония

Жібек жолықауымдастығы

Контактілер

Хатшылық мекен-жайы

Sanei Building 3F, 5-23-7 Shimbashi, Minato-ku, Tokyo 105-0004

Телефон нөмірі

ТЕЛ: 03-3432-2250      ФАКС: 03-6809-2292

bottom of page